Қоғабай Жұмағали Бижанұлы 1949 жылы 1 қараша Ақтоғай (Краснокутск) ауданы Шұға ауылында дүниеге келді. Ақын, журналист, жазушы, қоғам белсендісі. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Екібастұз қаласының құрметті азаматы.
1967 жылы Ақкөл орта мектебін бітіріп, 1969-1971 жылдары Москва түбіндегі В.И. Ленин атындағы әуе әскери округінде борышын өтеді.
1976 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет факультетін тәмамдап, еңбек жолын Екібастұз қалалық педагогикалық училищесінде бастады. 1983-1985 жылдары Бүкілодақтық екпінді құрылыс жылу-энергетика кешені - ГРЭС-1 станциясында кезекші электр слесары, аға инженер,
1985-1989 жылдары Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде журналист,
1989-1998 жылдары Екібастұз қаласында ашылған радиохабар тарату редакциясында аға редактор,
2000-2012 жылдары «Богатырь Көмір» ЖШС мемлекеттік тілдегі құжаттар редакторы қызметтерін атқарды.
Қоғамдық қызметі
1990 жылдан бастап Екібастұз қалалық, облыстық «Қазақ тілі» қоғамын құруға белсене араласып, сол қоғамның мүшесі болды.
1990 жылы маусым айында Екібастұз қаласында Тәуелсіздікті, дербес ел болуды насихаттаған бір топ ұлтжанды азаматтармен бірге Екібастұз қаласында Республикалық азаматтық «Азат» қозғалысының бөлімшесін құрды, 1995 жылға дейін осы қозғалыстың тең төрағаларының бірі болды.
1993 жылдан 2022 жылға дейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облысы Екібастұз қалалық филиалының төрағасы болып тағайындалды.
Шығармашылығы туралы мәлімет
1994 жылы «Екібастұздан ескен леп», 2001 жылы «Дүмпуі көп дүние» атты орысша-қазақша өлеңдер жинағы, 2004 жылы «Жаңбырлы күн» жыр жинақтары мен әңгімелері, 2004 жылы «Ел азаматы» атты деректі кітабы, 2009 жылы «Дала қыраны туралы хикая», 2010 жылы «Алақаны аялы» атты деректі повестері, 2011 жылы «ГРЭС-1: богатое прошлое, большое будущее», 2012 жылы «Экибастуз – моя молодость» атты қазақша-орысша жазылған деректі кітаптары, 2013 жылы «Оюында ой-орман, өрнегінде ақққу-қаз» (қол өнер шебері Злиха Төлегенова туралы) көркем әрі деректі кітабы, 2014 жылдың 30 қазанында «Қырандарым, самғай бер» өлеңдер жинағы, 2015 жылы «Шақшан таудың шар болаты» деректі баяны, 2018 жылы латын қарпімен жазылған «Ата мен немере» атты балаларға арналған өлеңдер мен әңгімелер жинағы мен «Өндіріс өрені» атты деректі кітабы «ГРЭС-1 туралы), 2021 жылы «Эко» баспасынан балаларға арналған «Ғаламтордың әлегі», 2022 жылы «Тышқанның қулығы», орыс ақыны Корней Чуковскийден аударған «Телефон», 2023 жылы «Эко» баспасынан «Мәшһүр Жүсіп тылсымы мен шапағаты», 2024 жылы «Сақ дәуірімен сабақтас оқиғалы оюлар», «Сәтбаевтар әлемі» атты кітаптары жарық көрді.
1999 жылы Қаныш Сәтбаев туралы орыс тілінде жазылған деректі естелігі «В памяти народа» атты жинаққа, бір топ өлеңдері 2009 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының құрауымен «Казакпарат» баспасынан шыққан «Баянауыл басында» атты жинаққа кірді. Өзекті мақалалары мен өлеңдері С. Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университеті шығарған «Исабек Ишан» (2011ж), «Ақкөл-Жайылма» (2012ж), «Әбікей Сәтбаев – ұлағатты ұстаз» (2019ж) атты деректі кітаптардан орын алды.
Өмірбаяны мен шығармашылық жолы Екібастұз энциклопедиясына (2005 ж.), «Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясына (Алматы 2011), Ертістің Павлодар өңірі энциклопедиясына (2013ж.) енді. Облыстық, қалалық байқаулардың жүлдегері.
1970 жылы «Совет Армиясының үздігі» белгісімен, 1979 жылы «10 бесжылдықтың екпіндісі» белгісімен, «Павлодар облысына 75 жыл» мерейтойлық медалімен, «Екібастұз қаласына 60 жыл» медалімен, «Екібастұз қаласының құрметті азаматы» медалімен марапатталған.